Қазақстанда 6 мың қандастың оралман мәртебесі ұзартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Ғани Шымырбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қандастардың қазіргі уақытта бетпе-бет келіп отырған проблемаларына тоқталып өтейін. Қазіргі таңда оралмандар жергілікті атқарушы органдар арқылы оралман куәлігін алып, тұрақты тұру ықтиярхатын алады. Одан кейін бір жыл көлемі ішінде азаматтықты алмай, оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетеді. Сол себептен, осы проблемалық мәселелерді шешу үшін ІІМ бастамасымен бірнеше рет ҚР Президент Әкімшілігіне хат жолданған болатын. Осыдан кейін оралман куәлігінің мерзімі өткен, оралман мәртебесін ұзарту және жеңілдетілген тәртіпте ҚР азаматтығын беру жөнінде жұмыстарды жүргізу тапсырылды. Аталмыш жұмыс 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады», - деді Ғани Шымырбаев елордада «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» ҚР заң жобасын талқылау барысында.
Көші-қон полициясы басқармасының бастығы бүгінгі таңда осы тапсырманың орындалып жатқанын атап өтті. Яғни, еліміздің аумақтарындағы барлық этникалық қазақтарға мерзімі қай кезде өткеніне қарамастан оралман мәртебесін ұзарту бойынша бір реттік республикалық акция жүргізілуде.
«Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар арқылы оралман мәртебесі 5988 этникалық қазаққа ұзартылды. Оның ішінде 5235-і ішкі істер органдары арқылы ҚР азаматтығын қабылдады», - деді Ғани Шымырбаев.
Айта кетсек, бүгін «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы Қоғамдық комиссиясы «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасын талқылады. Жиын барысында «Отандастар қоры» шетелдегі қандастарға Қазақ картасын Қазақстанның басқа мемлекеттердегі елшіліктері арқылы беруді ұсынды .