2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.
Бағдарлама шараларын жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан 2016 жылы 183,2 млрд теңге бөлінген. 2016 жыл қорытындысы бойынша Ұлттық қор қаражатының - 100%, мемлекеттік бюджеттің 99,5% игерілген, деді Ж. Қасымбек.
ИДМ басшысының айтуынша, 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында 878 млрд теңге сомасына 130 жоба енгізілген, 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған.
Картаның енгізілген жобаларымен 2016 жылы 2,2 трлн-нан астам теңге сомасына өнім шығарылды. Картаның енгізілген жобалары есебінен 2016 жылы өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінен шамамен 18,5% өндірілді.
2016 жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші сектор тау-кен өндіру салаларындағы құлдырау жағдайында (2015 жылға -2,7%) тұрақты нақты өсімді көрсетті (2015 жылға +0,7% ). Өңдеуші өнеркәсіптегі өсім, бірінші кезекте, басымдықты секторлардағы өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты: түсті (8,5%-ға) және қара (3,3%-ға) металлургия, ауыл шаруашылығы техникасы (5,6%-ға), азық-түлік өнімдері (3,9%-ға), агрохимия (3,1%-ға), мұнай өңдеу (0,4%-ға).
«Нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіптің ел экономикасына тигізер үлесі артты. 2016 жылы өткен жылмен салыстырғанда ЖІӨ-дегі өңдеуші сектор үлесі 10,7%-ға дейін, өнеркәсіпте 41,5%-ға дейін өсті», - деп сөзін түйіндеді Ж. Қасымбек.