21 қыр, 2020 сағат 12:04

Қазақстанда 1,5 млн бөтелке ішімдік жасырын цехтарда дайындалған

Өткен жылдан бері еліміздің аумағында алкоголь өнімдерін жасырын жолмен дайындайтын 50-ден астам цех жойылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заңсыз айналымнан 1,5 миллионнан астам бөтелке ішімдік, шамамен 400 мың литр спирт, сонымен қатар 500 мыңнан астам жалған есепке алу-бақылау маркасы алынды», - деді ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Мәселен, комитет төрағасының дерегінше, Ақтөбе қаласында арақ өндірушілердің бірі есепке алынбаған 700 мыңнан астам бөтелке арақ дайындаған. 

«Салық төлемеуден келетін шығын 570 млн теңгені құрайды. Шымкент қаласында сапасы төмен спирт дайындайтын жасырын цех жойылды. Құны 31 млн теңге болатын 25 тонна спирт тәркіленді. Алматы облысында азамат Малашкин мен Қаршығаев 40 тоннадан астам спиртті заңсыз тасымалғандары және сатқандары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мұндай мысалдар өте көп. Бұл шаралардың барлығы көптеген азаматтың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік берді», - деді Жанат Элиманов.