11 қаз, 2019 сағат 10:32

Қазақстанда 10 мың коммерциялық жер пайдаланылмай бос жатыр

Коммерциялық жерлердің пайдаланылмай жатуы - әкімдіктердің кінәсі. Бұл туралы Бизнесті қорғау жөніндегі IV форумда ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бизнесті дамыту үшін кедергі жасаумен байланысты мәселелерді саралауды жалғастырып жатырмыз. Прокуратура барлық уақытта да заңның сақталуын ең жоғары қояды. Біз кез келген жолмен кәсіпкерлерге көмектесу мақсатын алға қоймауымыз керек және оған құқығымыз да жоқ. Біздің қорғауымыз адал әрі заңға мойынсұнатын бизнесмендерге ғана таралады. Мәселен, жерді пайдаланбаумен проблема бар. Себебі өте көп, олар бізге белгілі де – инфрақұрылымның болмауы, қала құрылысы құжаттары және басқалары. Ең негізгісі – бұл әкімдіктер тарапынан әрекетсіздік және әлсіз бақылау»,- деді ол.

Оның атап өтуінше, әкімдіктердің кінәсінен коммерциялық жерлер жылдар бойы тұрып қалады және айналымға тартылмайды, жасанды тапшылық туындайды. Нәтижесінде адал кәсіпкерлер жер телімін ала алмайды әрі бизнесін де дамытуға мүмкіндігі жоқ.

«Биыл біз 31,6 мың гектар пайдаланылмай жатқан шамамен 10 мың коммерциялық жерді анықтадық. Сондықтан бүгін алдымызға жер берудің ашықтығын және оның мақсатқа сай пайдаланылуын қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Бұл үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жер учаскелерін бөлу бойынша электронды алаң құрып жатырмыз. Ол мемлекеттік органдар тарапынан жемқорлық факторлар мен бюрократтық кедергілерді жояды», - деді Марат Ахметжанов.