"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ компаниялар тобының қайта ұйымдастырылуы қызметтің инфрақұрылымдық және тасымал түрлерін ажырату арқылы жүзеге асырылады, - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі премьер-министрдің сайтына сілтеме жасап.
Темір жол саласының нысаналы моделін қалыптастыру Қазақстан Республикасының көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы мен Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарына сәйкес қарастырылған.
"Қазіргі таңда "ҚТЖ - Инфрақұрылым" АҚ бөліп шығару арқылы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ қайта ұйымдастыруды көздейтін Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы дайындалды, жақын арада ол мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жолданатын болады", - деп хабарлады ұлттық компанияда.
Осылайша, нысаналы модель негізінде ұлттық және жеке тасымалдаушылар үшін магистралдық теміржол желісіне қолжетімділікті тең негізде қамтамасыз ететін "ҚТЖ - Инфрақұрылым" АҚ тұлғасы ретінде ұлттық инфрақұрылым операторын құру көзделген.
Айта кету керек, қызметтің инфрақұрылымдық және тасымал түрлерін бөлу - бұл Еуропалық одақ, Австралия және Латын Америкасы елдерінде табысты іске асқан және либерализация, жеке бастамашылықты және инвестицияларды тарту арқылы қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған теміржол жолдарын реформалаудың әлемдік үрдісі.