Еліміз үшін маңызды мерейтой қарсаңында Нұр-Сұлтандағы «Brands of Kazkahstan» баспасы «Қазақстан. Тәуелсіздікке 30 жыл» кітабын жарыққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кітаптың авторы әрі құрастырушысы – Раушан Мұхаметалина. Қазақстан Премьер-министрі Асқар Маминнің алғы сөзінен басталатын еңбектің ішінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың елдегі индустрияның дамуы туралы талдамалық мақаласы басылған.
«Тәуелсіздік шежіресі» айдарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тарихи рөлін сипаттайтын фотосуреттер ұсынылған. Сондай-ақ, кітапта 17 өңірдің әкімдері жазған Тәуелсіздіктің 30 жылындағы жергілікті жетістіктер туралы мақалалар, түрлі салаладағы жетекші кәсіпорындар мен брендтер туралы мәлімет топтастырылған. Мерейтойға арналған басылымның бас демеушісі – «Саутс-Ойл»ЖШС мұнай-газ компаниясы.
Сонымен бірге «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В», «СNPС-«Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС сияқты өндіріс алпауыттары да демеушілік көрсеткен. Еңбек Қазақстан, ЕАЭО, ТМД және алыс шетел оқырмандарына арнап орыс және ағылшын тілдерінде жазылған премиум-класты сыйлық ретінде басылып отыр.
«Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы 2021 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Өткен жылдар ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуда, мемлекеттілік пен халықаралық беделді нығайтуда үлкен табыстарға қол жеткізді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасының демократиялық, экономикалық және саяси даму бағытын жалғастыруда. Кітап Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығарылды. Біздің басты міндетіміз – осы кітап арқылы Қазақстанды еліміздің, ЕАЭО, ТМД елдерінің және алыс шетел оқырмандарына экономикасы дамыған, экономика мен бизнестің барлық салаларында өсу әлеуеті жоғары мемлекет ретінде таныстыру», – деді кітаптың авторы және құрастырушысы Раушан Мұхаметалина.