12 мам, 2018 сағат 15:10

"Қазақстан – тәуелсіз, азат елім..."

Қазақстан – тәуелсіз, азат елім,
Кең байтақ, қасиетті туған жерім.
Таңдай қағып, бар әлем тамсанатын,
Құдіретіңнен айналдым, асыл елім.
Туған жерім Қазақстан,
Жасай бер мәңгі жас Отан!

Қазақстан - тәуелсіз ел, дербес мемлекет болып ХХІ ғасыр табалдырығын сеніммен аттады. Ел өз қалауымен президент сайлап, Ата Заңымыз бен мемлекеттік рәміздерді қабылдады. Ана тіліміз – қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Қазақстанның жаңа астанасы – Астана күннен күнге жаңарып, жаңа белестерге көтерілуде.

Біздер – өлкемізді көркейтіп жақсартатын халқымыздың болашағы, жалғасымыз. Қазақстан Республикасында ел болашағы – жастардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Мен қазір рухани және экономикалық жағынан қарыштап өсіп келе жатқан елде өмір сүріп жатырмын. Қазақстан жастары білімді, инабатты болуға тиісті; шетелдердің ғалымдарынан кем түспей, өздері алған білімдерін іске асырулары керек және өз халқының болашағы үшін аянбай еңбек етуге міндетті. Қазақстан - сен заңғар биіксің, кеңсің. Менің жаным өзіңе деген мақтанышқа бөленген. Туған жер, мен - сенің туыңды жықпай, мықтап қолда ұстайтын балаңның бірімін!

Шарықтап шыңға ұмтылған Қазақстан

Солай-солай тәуелсіз боп танылып,
Қазақ елі бір ортаға бағынып.
Ұмтыламыз асу-асу шыңдарға
Төбемізде көк аспанды жамылып. 

Аз ба, көп пе бұл сындарлы кезеңдер,
Жақсы істерге әркез халқым елеңдер.
«Елу жылда ел жаңа» боп өзгеріп,
Қазақ елін танытты алмас берендер.

Көкке өрлеп, қазағымның байрағы,
Қатар тұрып, өзгелермен жайнады.
Білім туын биік ұстап жоғары,
Алға ұмтылған жастарым да жайдары.

Өнерменен спортта да көп табыс,
Ең бастысы – жастарда бар ар-намыс.
Бұл заманың білімділер заманы,
Ел таныған мықтыларым бар нағыз.

27 жыл - тәуелсіздік қарсаңы
Қуандырды үлкен-кіші, баршаны.
Тәуелсіз ел асқақтады, есейді,
Нығаюда кеңге жайып арқаны.

Өрені едім, Ұлы дала бөлшегі,
Татулықтың жоқ ешқандай өлшемі.
Әдебиетке үлес қосар жанашыр
Ұланмын мен "ақын" деген ел сеніп.

9 жаста тәуелсіз елге иемін,
Туған елім, Қазақстаным киелім.
Арманым асқақ, талабым таудай биік-ті,
Өзіңді мәңгі пәк жүрегіммен сүйемін.

Шарықтады шыңға ұмтылған қазағым,
Тарқамасын несібең, бақ-базарың.
Мен де балаң болашаққа қол созған,
Өзіңе арнап жыр шумағын жазамын.

Өзің десе, діріл қағып, лүпілдейді жүрегім,
Сенсің менің бар мәртебем, мақтанышым, тірегім.
Достығымыз жарасқан алыс-жақын елдермен,
Егемендік мәңгі болсын, мәңгі болсын тілегім!

Қарағанды облысы, Шет ауданы

Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның

3-сынып оқушысы Рымқұл Расул