23 там, 2022 сағат 15:08

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Украина елшісіне наразылық білдірді


Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде министрдің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскиймен кездесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Кездесу барысында елшіге 21 тамызда қазақстандық блогер Диас Құзайырға берген сұхбатында айтқан мәлімдемелеріне байланысты наразылық білдірілді", - делінген хабарламада.

СІМ мәліметінше, Қазақстан тарапы мұндай мәлімдемелердің шет мемлекет елшісінің қызметіне сай келмейтіні және қолайсыздығы туралы ұстанымы білдірілген.

"Мұндай іс-қимылдар мемлекеттер арасындағы достық қатынастарға нұқсан келтірмеуге тиіс", - делінген СІМ хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) кеңесі Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің мәлімдемесін айыптайтыны хабарланған болатын.