02 қар, 2017 сағат 08:35

«Қазақстан – Шымкент» «ON’TU’STIK» боп өзгерді

Облыстық «Қазақстан – Шымкент» телеарнасы «Оңтүстiк» атауына ие болды. Ендi телеарна логотипi жаңадан бекiтiлген латын әлiпбиiне сәйкестендiрiлiп, «On’tu’stik» болып жазылады. Бұл туралы «Mega Planet» ойын-сауық орталығында өткен телеарнаның 2017-2018 жылғы маусымының тұсаукесер жиынында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Qazaqstan» телерадиокорпорациясы өзiне тиесiлi барлық медиа-орталықтарға осындай өзгерiс енгiздi. Ендi корпорация құрамындағы «Qazaqstan», «Qazsport», «Balapan» республикалық арналары мен 14 аймақтық телеарна, 4 радионың логотиптерi жаңарып, атаулары латын қарпi негiзiнде жазылатын болды.

Тұсаукесер жиында «Qazaqstan» телерадио корпорациясы аймақтарды дамыту бойынша басқарма төрағасының орынбасары Серiк Егiзбаев сөз сөйлеп, жаңа өзгерiстер жөнiнде әңгiмелеп бердi. Оның айтуынша, бұл өзгерiс корпорацияға тиесiлi барлық аймақтық арналарда орын алып отыр. Мәселен, бұрынғы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы ендi «Man`g`ystau» аталса, «Қазақстан-Павлодар» арнасы «Ertis» атауына ие болмақ.

Жаңа атауға ие болған «On’tu’stik» телеарнасының тұсаукесерiне облыс әкiмiнiң орынбасары Ұласбек Сәдiбеков қатысып, жаңа маусымның ашылуымен құттықтады. Жиында телеарнаның тың жобалары таныстырылды. Жаңа маусымда облыс жұртшылығы назарына жаңа бағдарламалар ұсынылмақ. Тұрақты түрде берiлiп отыратын «Оңтүстiк-ақпарат», «Таң нұры» бағдарламаларының қатарына өңiрдiң тарихы мен мәдениетiнен сыр шертетiн «Ел мен жер» хабары қосылмақ. Қоғам қайраткерлерi мен әдебиет саласының өкiлдерi тың дүниелердi талқылайтын «Әдебиет – ардың iсi» бағдарламасы көрермендер назарына ұсынылмақ. Қоғамның түрлi саладағы өзгерiстерiн көрсететiн «Бiздiң студия», күлкi мен сауық сыйлайтын «Көңiлдi кеш» бағдарламалары көрермендерiне жол тартпақ. Сондай-ақ, телеарна кiшкентай балаларға арнап мульттоптама түсiрудi де қолға алып отыр.