29 қыр, 2022 сағат 12:28

Қазақстан-Ресей шекарасында жасыл дәліз ашу жоспарланып отыр


Ресеймен шекарада қазақстандықтар мен азық-түлік тасымалдайтын көліктер үшін жасыл дәліз құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Ол Қазақстанға келген ресейліктердің саны ел халқымен салыстырғанда аз екенін және бұл олардың азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпейтінін түсіндірді.

"Аймақтық диспропорциялар болуы мүмкін, бірақ қазір бұл мәселелерді шешіп жатырмыз. Кеше мемлекеттік органдармен, соның ішінде құқық қорғау органдарымен кеңес өткіздім. Ресей премьер-министрінің орынбасарымен де сөйлестім. Себебі шекараның арғы жағында қазақстандық азаматтар да, азық-түлік көліктері де өте алмай тұр.

Келіскен сияқтымыз, ол (Ресей премьер-министрінің орынбасары - еск.) тиісті ереже жасады. Бүгін шекара қызметтері бір-бірімен сөйлеседі. Олар біздің азаматтар мен азық-түлік көліктері үшін жасыл дәліз жасауға тырысады. Бұл мәселеде үлкен проблемаларды көрмеймін", - деді Жұманғарин.