Фото:Shutterstock
Қазақстан Ресей мұнайын Қытайға тасымалдау мерзімін тағы 10 жылға ұзартады деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Бүгін Мәжілісте Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытайға ресейлік мұнайды тасымалдау бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.Хаттама 2023 жылғы 16 маусымда Санкт-Петербургте жасалған.
Хаттамада Келісімді іске асыру үшін Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігін, Ресей тарапынан Уәкілетті ұйым – «Роснефть» мұнай компаниясы» жария акционерлік қоғамын құзыретті орган ретінде айқындау бөлігінде өзгерістер енгізіледі.
Хаттамаға сәйкес Ресей мұнайын жылына 10 миллион тонна мөлшерінде ұзақ мерзімді тасымалдау «Ресей Федерациясының шекарасы – Қазақстан Республикасының шекарасы («Туймазы – Омбы – Новосибирск-2» магистралдық мұнай құбыры) – Қазақстан Республикасының шекарасы – Ресей Федерациясының шекарасы («Туймазы – Омбы – Новосибирск-2» магистралдық мұнай құбыры) – Ресей Федерациясының шекарасы – Қазақстан Республикасының шекарасы (Ертіс) – Атасу (Қазақстан Республикасы) – Алашанькоу (Қытай Халық Республикасы) бағыты бойынша магистралдық құбыржолдар жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады.Хаттамаға сәйкес Келісім 2034 жылғы 1 қаңтарға дейін әрекет етеді.
Мұнайды тасымалдау құны тоннасына 2,1 АҚШ долларын құрайды және АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы негізінде теңгемен төленеді.
Мәжіліс комитеттері Хаттаманы оң бағалайды және оны ратификациялауды ұсынады.
Осы айтылғанның негізінде, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдауды және оны Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберуді ұсынады.