07 қаз, 2022 сағат 21:56

Қазақстан президенттігіне әйел үміткер ұсынылды


Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қарақат Әбден Кәсіби әлеуметтік қызметкерлер ұлттық альянсы атынан Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

7 қазанда «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы өтті.

Шара барысында «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» ҮЕҰ-ның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу және ілгерілету, сондай-ақ республикалық деңгейде азаматтардың осал топтарының мәселелерін айту және мүдделерін қорғау мақсатында Әбден Қарақат Жақсылыққызы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына Президенттікке кандидат ретінде ұсынылды.

48 жастағы Әбден Қарақат Жақсылыққызы – Ақмола облысының тумасы, 4 баланың анасы. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі.