01 шіл, 2022 сағат 11:53

Қазақстан Орталық Азиядағы медициналық туризмнің орталығына айналып келеді - Президент


Елордада өтіп жатқан халықаралық нейрохирургия форумының қатысушыларына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысының құттықтауын форумға қатысушыларға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов оқып берді.

«Құрметі форумға қатысушылар! Сіздерді халықаралық нейрохирургия форумының және осыған орай ұйымдастырылған тақырыптық кинофестивальдің ашылуымен құттықтаймын. Әлемге танымал академик А. Коновалов бастаған білікті ғалымдардың бүгінгі басқосуы отандық денсаулық сақтау ісін дамытуға тың серпін берері сөзсіз», - деп жазылған Президенттің құттықтау лебізінде. 

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев хатында аталмыш шараны ұйымдастырып отырған Ұлттық нейрохирургия орталығы Қазақстанда нейрохирургия саласының алға басуына зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Бұл мекеме Орталық Азиядағы үздік медицина ұйымдарының қатарына кіреді. Былтыр өңірде алғашқылардың бірі болып осында «гамма-пышақ» қондырғысы орнатылды. Соңғы бір жыл ішінде 500-ге жуық аса күрделі операция жасалды. Елімізде дүниежүзіне әйгілі мамандармен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ, отандық нейрохирургияға озық технологияларды енгізуге барлық жағдай жасалған. 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында денсаулық сақтау жүйесін дамыту басты басымдықтың бірі ретінде белгіленген. Біздің дәрігерлеріміз халыққа жоғары сапалы қызмет көрсетуде. Қазақстан аймақтағы медицналық туризмнің орталығына айналып келеді. Бүгінгі жиында қазіргі заманғы ғылыми жаңалықтарды ел иглігіне бағыттайтын көптеген тың идеялар айтылады деп сенемін», - делінген Президент құттықтауында.