30 қар, 2016 сағат 12:54

Қазақстан мұнай-газ саласындағы құлдырау кезеңінен өтті – сарапшы

Қазақ елі мұнай-газ саласында болған құлдырау кезеңінен өтті. Алдағы жылы Қазақстанда инфляция деңгейі айтарлықтай өзгермейді. Ал ЖІӨ биыл шамамен 0,7%-ға өссе, ендігі жылы аталмыш көрсеткіш 2,4%-ға өсуі мүмкін. Бұл туралы Астанада «Қазақстан: Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» тақырыбында өтіп жатқан конференцияда еліміздегі «Еуропа қайта құру және даму банкі» өкілдігінің директоры Джанет Хекман мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Еуропа қайта құру және даму банкі» Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, банк экономиканың барлық саласында қызмет көрсетеді. Біз Қазақстанның экономикалық жағдайын басқа халықаралық ұйымдар және донорлық компаниялармен салыстырғанда біршама артық білеміз. Біздің қазақстандық экономикаға көзқарасымыз БАҚ-қа қарағанда оптимизмге толы», - деді шетелдік маман.

Сондай-ақ, Джанет Хекман еліміздің жаһандық дағдарыспен тиімді күресіп жатқандығын атап өтті.

«Қазақстан мұнай-газ саласындағы құлдырау кезеңінен өтті. Елдеріңіз бұл қиындықты еңсерді. Осы жылы жалпы ішкі өнім шамамен 0,7%-ға өседі деп жоспарлап отырмыз. Ал алдағы жылы бұл көрсеткіш шамамен 2,4%-ға өсуі мүмкін. Инфляция өзінің құлдырау шегіне жетті. Біздің сарапшылар келесі жылдың айына дейін және алдағы айда инфлция айтарлықтай өзгермейді деп болжап отыр. Біздің пікірімізше, өтімділік (тауарлардың – ред.) өз қалпына келіп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта бұл көрсеткіштер өседі болжап отырмыз. Себебі, үкімет дағдарыс кезінде тиімді жобаларды іске қосты. Сондықтан Қазақстанның инвестициялық әлеуеті жоғары », - деді директор.

Сонымен қатар, еліміздегі «Еуропа қайта құру және даму банкі» өкілдігінің директоры республикада инвесторлар үшін жасалған жұмыстарды жоғары бағалап, шетелдік кәсіпкелерді Қазақстанда жұмыс істеуге шақырды.

«Қазіргі таңда Қазақстанда бизнес климат жақсарды. Бірақ бұл көрсеткіш бізді қызықтырып отырған жоқ. Бізді жаңа мүмкіндіктер қызықтырып отыр. Біз инфрақұрылым, мұнай-газ, агро-бизнес салаларында жұмыс істегіміз келеді. Қазақстанда үлкен мүмкіндіктер бар. Орталық Азиядағы инфрамқұрылымға қажеттілік 21 млрд долларға жуық қаржыны құрайды. Оның ішінде Қазақстанның алар орны ерекше. Ал БҰҰ мәліметінше, 2020 жылы Еуразия континентіндегі елдер арасындағы сауда айналымы 1,2 трлн долларды құрайтын болады. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 800 млрд доллар болған еді», - деді ол.

Дәурен ЕРБОЛАТ