Қазақстан мен Ресейдің Экология министрлері қоршаған ортаны қорғау және тиімді пайдалану салаларындағы бірлескен шараларды талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Экология министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ресейлік әріптестеріне Жайық өзені бойынша гидрологиялық әржылдықтармен тұрақты түрде алмасып отыру тәжірибесін енгізуді ұсынды. Сондай-ақ ол Жайықтың төменгі жағындағы экожүйені сақтау үшін сәуір-мамыр айларында Ириклин су қоймасынан жіберілетін су көлемін арттыруды ұсынды.
Бұл туралы Орынбор қаласындағы Қазақстанның Экология министрі мен Ресей Федерациясы табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловтың екіжақты кездесуінде айтылды.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Жайықтың тартылуы мен осының әсерінен өзен экожүйесінің бұзылуы – оның су шаруашылық жүйесін кешенді зерттеуді талап етеді. Министр 1981 жылға жейін Жайықтың бірыңғай гидрологиялық жылдығы жасалып, 1982 жылдан бастап ҚазКСР мен РФКСР үшін бөлек дайындала бастағанын атап өтті. Ал КСРО тараған соң әр ел өз алдына жасайтын болды.
«Дәл осындай жұмыс тәсілі біз қазір көріп отырған салдарға әкеп соқтырды деп есептеймін. Осыған байланысты Жайық бойынша гидрологиялық жылдықтармен тұрақты түрде алмасып отыру тәжірибесін енгізуді ұсынамын, - деді Мырзағалиев.
Бұдан бөлек, министр Батыс Қазақстан облысы ауасының трансшекаралық ластануы мәселесін де қозғады.
"Атмосфералық ауаның мониторингі Ресей Федерациясының шекаралық ауылдарында күкірттотығы көрсеткішінің артып кету жағдайын көрсетті. Жергілікті тұрғындар мен атқарушы органдардан газдың иісі бойынша жиі шағым түседі. Әсіресе, ол жел солтүстікке қарай тұрғанда қатты байқалады. Бұл өзіндік иістің көзі – Орынбордағы газ жағатын кенорындар", - деді Мағзұм Мырзағалиев.
"Орал және Ертіс трансшекаралық өзендерінің экожүйесін қалпына келтіру және сақтап қалу бойынша ресей-қазақстандық ынтымақтастық бағдарламасы бекітілді. Құжат 2024 жылға дейін есептелген", - деді өз кезегінде Александр Козлов.
Бұл бағдарлама бойынша ластану орындарын анықтау, су құрылыстарын жаңарту, өзендер арнасын тазарту бойынша кешенді шаралар қарастырылған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту саласындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасына қол қойды. Келесі кездесуді Павлодар қаласында өткізу туралы шешім қабылдады.