Бүгін Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен кездесті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Келіссөз барысында денсаулық сақтау, білім және ғылым саласындағы Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды.
Қос мемлекеттегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы пікір алмасып, COVID-19 жаңа инфекциясына қарсы күресуде қабылданған шараларды іске асырудың маңыздылығы аталып өтілді.
Эпидемия және пандемия болған жағдайда жедел әрекет жасап, өзара іс-қимыл бойынша бірлескен тиімді шаралар әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді.
Кездесу барысында тараптар жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету, санитариялық-эпидемиологиялық шараларға көңіл бөлу, вакциналау бойынша алдын алу мәселелері, ақпараттық технологияларды енгізу, фармация бойынша өзара іс-қимылды жолға қою, оның ішінде фармацевтикалық өнеркәсіпте кооперациялық жобаларды іске асыруды пысықтау және денсаулық сақтау мәселелері бойынша медициналық қызметтер көрсету, т.б. мәселелер бойынша ынтымақтастықты жандандыру қажеттілігі туралы ортақ пікірге тоқтады.
Жоғары технологиялар саласындағы бірлескен жобаларды кеңейту және екі ел арасындағы үздіксіз медициналық білім беру саласындағы ынтымақтастығын жандандыру, медициналық білім беру ұйымдарының студенттері мен оқытушылары арасындағы академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу және енгізу, т.б. салалар бойынша өзара өзара іс-қимылды жолға қою туралы келісімге қол жеткізілді.
Келіссөз барысында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Өзбекстанда қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ екі мемлекеттің президенттік мектептері арасында тәжірибе алмасуды бастауды және жалпы білім беру саласындағы ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов жылы шыраймен қарсы алған қонақжайлығы үшін Өзбекстан Премьер-Министріне ризашылығын білдіріп, өзбек тарапын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.