"2003 жылы басталған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны белгілеу процесі аяқталуға жақын", - деп хабарайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Екі тарап та қорытынды құжатты аяқтап жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім етті.
«Бұл жұмыс ұзақ уақыттан бері келе жатқан мәселе. Екі тарап мемлекеттік шекараны орнатуға енді-енді жақындады. Соңғы қорытынды құжаттар әзірленуде. Екі елдің сарапшылары да жұмыс істеді. Мемлекеттік шекараны орнату жұмысы аяқталған соң, толық ақпаратты хабарлаймыз», - деді Ә.Жайнақов.
Ә.Жайнақов мәлім еткендей, жыл басынан бері шекара орнату жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан комиссиясының бірлескен үш отырысы өткен, сондай-ақ, екі жұмыс тобы да кездесіп, мәселені пысықтаған.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сенсек, жергілікті елді мекендердегі шекара белгісі 1565 негізгі және аралық шекара бағанымен белгіленген. Осы 1565 бағанның 776-сын Қазақстан тарапы қойып шыққан.