18 мам, 2022 сағат 12:49

Қазақстан мен Қырғызстан күш құрылымдары 1,8 млн доллар болатын есірткі тәркіледі

© Sputnik / Сергей Венявский /

Қырғызстан ІІМ Заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес қызметі мен Қазақстанның күш құрылымдарының қызметкерлері бірлесіп Орталық Азияға синтетикалық есірткі тасымалдау және оны интернет арқылы сатумен айналысқандардың тұрақты желісін анықтады.

Қырғызстан ІІМ ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін анықтау және қолға түсіру бойынша арнайы операция 2021 жылдың қарашасынан бері дайындалғанын және осы жылдың сәуірінде аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

Небәрі жарты жылға созылған дайындық жұмыстары кезінде құқық қорғаушылар заңсыз бизнеске қатысы бар жеті адамды анықтады. Олардың үшеу Қырғызстан тумасы және тұрғыны, ал қалған төртеуі қазақстандық азамат екені анықталды.

Арнайы операция кеезінде екі есірткі зертханасы жойылды. Зертханалардан жалпы салмағы 31 килограмм 265 грамм есірткі заты, оның ішінде, 25,5 килограмм синтетикалық еесірткі: 19,5 килограмм "Альфа PVP", 6 килограмм мефедрон, 5 – гашиш пен 765 грамм марихуана тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, есірткінің заңсыз сауда нарығындағы жалпы бағасы 1,8 миллион доллардан асады.

Қазіргі уақытта екі елдің күш құрылымдарының өкілдері тергеуді жалғастырып жатыр. Сондықтан тергеу барысында қылмыстық іске қатысы бар азаматтардың саны артуы ықтимал.