Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарын Қырғыз Республикасынан бастағанының символдық мәні барын айтып, жылы қабылдағанына ризашылығын білдірді.
- Ұлықтау рәсімінен кейін Бішкек қаласында кездесуіміз - жақсылықтың нышаны. Біз жақында Нұр-Сұлтан қаласында кездесіп, екі жақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқыладық. Біздің қазіргі міндетіміз - сол келісімдерді жүзеге асыру, - деді Қазақстан Президенті.
Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, бұдан әрі де екі елдің қарым-қатынастарының нығая түсетініне сенім білдірді.
Тараптар алдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің күн тәртібі бойынша пікір алмасты.