Алдағы уақытта Қазақстан мен Израиль арасында тікелей әуе қатынасы ашылады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Қазақстан-Израиль бизнес форумында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өкінішке қарай, Қазақстан мен Израиль арасында тікелей әуе қатынасы жоқ. Алайда, бұл мәселені шешуге болады. Бүгін тиісті шешімдер қабылданып жатыр. Біз алдағы уақытта Қазақстан мен Израиль арасында аптасына 5 рейс ұшыруға дайынбыз», - деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Астанада Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Қазақстанға ресми сапары аясында қос елдің ресми тұлғалары және іскер топтарының қатысуымен Қазақстан-Израиль бизнес форумы өткен болатын. Форумның жұмысына қос елдің бизнес және үкіметтік емес ұйымдарының 400-ден астам өкілі қатысты. 2016 жылдың 1 қарашасына дейінгі мәліметке сәйкес, Қазақстанда израильдік капиталдың қатысуымен 254 кәсіпорын тіркелген. Оның 112-сі жұмыс істеуде.