Еуропа Одағының жоғары лауазымды өкілдермен өткен келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда, энергетика, көлік, қаржы және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды.
Сапар барысында сауда мәселелері жөніндегі Еуропалық комиссияның Вице-президенті Валдис Домбровскиспен, Көлік жөніндегі еурокомиссар Адина Валеанмен, Ауыл шаруашылығы жөніндегі Еурокомиссар Януш Войцеховскиймен, сондай-ақ энергетика және қаржылық тұрақтылық жөніндегі «FISMA» Директораттардың басшылығымен ресми кездесулер өткізілді.
Сонымен қатар Еуропалық кеңес пен Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы қарашадағы Брюссельге сапары екіжақты және көпжақты ықпалдастықтың барлық бағыты бойынша Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығын жандандыруға тың серпін берді деген пікірге келді.
Осы ретте Еуропалық кеңестің басшылығына екінші мерзімге қайта сайлануына байланысты Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельге Мемлекет басшысының жеке жолдау хаты табыс етілді. Қазақстандық тарап қазіргі халықаралық жағдайға мән бере отырып, Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру аясында Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту және одан әрі нығайту жөніндегі нақты шараларға арнайы тоқталды.
Атап айтқанда, санкциялардың Қазақстан экономикасына жанама кері әсерін барынша азайту және болдырмау қажеттігіне еуропалық серіктестердің назарын аударды. Еуропалық тарап Қазақстанның алаңдаушылығына толық түсіністік танытып, бұл мәселе бойынша барынша қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар еуропалық тарап Қазақстан Президенті жариялаған саяси және экономикалық реформаларға айтарлықтай қызығушылық танытты.
Осыған байланысты Еуропа Одағының өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі тезистерімен егжей-тегжейлі танысып, Мемлекет басшысының бастамаларын оң бағалап, Еуропа Одағының түрлі құралдары арқылы тұрақты даму, құқық үстемдігі бағытында оларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді.
Бұдан бөлек Жолдауда айтылған саяси реформалардың іс жүзінде орындалуы елімізді одан әрі саяси жаңғыртуға және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.