23 қаз, 2019 сағат 10:30

Қазақстан мәліметтерді мұрағаттауда алдыңғы қатарлы жапон тәжірибесіне ие болады - Елбасы

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Жапония Үкіметінің «Архив-2025» бағдарламасы аясында техникалық көмек және ноу-хауды беру жөніндегі жобасымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

«Архив-2025» бағдарламасы аясында Қазақстан мен Жапонияның бірлескен жұмыс жоспарларын қарастырғаннан кейін, Елбасы жапондық тарапқа жылы қабылдауы мен жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтты.

– Соңғы жылдары құрметті Император Акихитомен және Жапония Үкіметінің басшылығымен өте жылы қарым-қатынастар орнаттым. Император Нарухитомен де халықтарымыздың игілігі үшін жемісті серіктестіктің дамитынына сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына да тоқталды.

 «Рухани Жаңғыру» негізгі элементтерінің бірі - «Архив-2025» жобасы, ол ежелгіден қазіргі заманға дейінгі барлық отандық және шетелдік мұрағаттардағы іргелі зерттеулерді қамтиды. Мен Жапония Үкіметіне және Мәдениет агенттігінің төрағасына осы бағдарламаны жүзеге асыруда көрсеткен қолдауы үшін алғысымды білдіремін. Соның арқасында біз электронды білім кеңістігін құрып, деректерді мұрағаттау саласындағы алдыңғы қатарлы жапондық тәжірибеге ие боламыз, – деді Елбасы.

Жапонияның Мәдениет агенттігі Қазақстанда мұрағат деректерін цифрландыру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруға мүдделі. Жобаның нәтижесі бірыңғай электронды кітапханада жинақталған, цифрландырылған кітап, мұрағат, музей қорлары негізінде электрондық білім кеңістігін қалыптастыру болмақ.

Жапон тарабы зерттеу, мұрағат деректерін есепке алу және сақтау технологияларын беруге, зерттеу әдістерімен бөлісуге және материалдарды цифрландыруға дайын екендіктерін білдірді.