Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов Қазақстан Қырғызстанға қандай әскери көмек көрсететінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Депутаттар "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын талқылады.
Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов келісімге 2021 жылы 7 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда қол қойылғанын айтты.
"Келісім Қырғызстанға бір реттік әскери мүлік беруді қарастырады, оның атауы мен көлемі дипломатиялық арналар арқылы келісілген. Әскери техниканы Қырғызстан Республикасының Кой-Таш елді мекеніне автокөлікпен жеткізу шығындарын қазақстандық тарап қамтамасыз етеді және көтереді. Қырғыз тарапы алынған әскери мүлікті тек қауіпсіздік мақсатында пайдаланады, үшінші тарапқа бермейді және ТМД-ға мүше мемлекеттерге қарсы пайдаланбайды", - деді Камалетдинов.
Ол Орталық Азияға іргелес аймақтардағы күрделі қауіпсіздік жағдайға, сондай-ақ аймақтық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің өсуіне байланысты әскери-техникалық көмек көрсету Қырғызстан Қарулы Күштерінің осы қатерлерге тойтарыс беруіне және қауіпсіздікті күшейтуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
684 рет оқылды