Парламент Сенатының жалпы отырысында «2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Хаттамада Сарытөбе және Аухатты автомобиль өткізу пунктерінің мәртебесін екіжақтыдан «көпжақты халықаралыққа» ауыстыру ескерілген. Сонымен қатар, «Нововоскресеновка» өткізу бекетінің атауын «Сыпатай батыр» деп өзгерту көзделген.
«Қазіргі кезде екі ел арасында 11 автомобиль өткізу бекеті бар, олардың бесеуі көпжақты халықаралық, ал алтауы - екіжақты. Екіжақты өткізу бекеттерінің төртеуінен өтетін адамдар мен көлік құралдарының қарқыны төмен болуы себепті олар 2010 жылы жабылған. Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған барлық өткізу бекетінен жылына 11 миллиондай адам, 1 млн 300 мыңдай жеңіл көлік, 400 мыңнан астам жүк көлік құралы өтеді.
Сондай-ақ, 2018 жылы автомобиль көлігімен жүк тасымалдау Қазақстан мен Қырғызстан арасында 48 пайызға артып, 1,7 млн тоннаны құрады», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Оның сөзіне қарағанда, екі ел арасында адамдар мен көлік құралы ең көп өтетін бекет Қордай болғандықтан, алғашқы кзеңде оны жаңартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде және құрлысты бастау 2020 жылдың наурыз айына жоспарланған. Сол себепті Сарытөбе және Аухатты автомобиль бекеттерін көпжақты халықаралық мәртебесіне ауыстыру: біріншіден, Қордай өткізу бекеті жөндеу жұмысына жабылғанда, өткіншілер ағыны аталған екі бекетті пайдаланады. Екіншіден, үшінші елдердің жүк көліктері осы бекеттер арқылы өтуге мүмкіндік ала отырып, еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі жақсартуға ықпал етеді.