06 қаз, 2022 сағат 12:55

Қазақстан халық партиясы Тоқаевтың кандидатурасын қолдады

Қазақстан халық партиясы президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Астанада ҚХП партиясының кезектен тыс XXI съезі өтіп жатыр. Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен делегаттар қатысып жатыр. Күн тәртібінде 2022 жылғы президенттік сайлау науқанына қатысты мәселелер талқыланған. Партия алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға ниетті.

"Кезектен тыс президенттік сайлауда біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаймыз. Геосаяси күйреу жағдайында, бүкіл әлем қарама-қайшы блоктарға ыдыраған кезде, елімізге мемлекеттік басқару мен халықаралық саясатта үлкен тәжірибесі бар адам қажет деп санаймын. Өмір бойы өзін еш жерде көрсетпеген дилетанттар мен демагогтар емес, елдің дамуы туралы нақты көзқарасы бар саясаткер. Сондықтан мен ұсыныс енгіземін: Конституция бойынша Мемлекет басшысы қандай да бір партияда болмаса да, біздің партия жай ғана қолдап қоймайды, кезектен тыс сайлауда қазіргі Президент - Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынады", - деді партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев.

Ертісбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының саясаты "Қазақстан халық партиясының идеологиясы мен құндылықтарына толық сәйкес келетінін" атап өтті. ҚХП қазіргі президентті насихаттай отырып, сайлау науқанына белсенді қатысуға ниет білдірді.