Қазақстан Қарулы күштерінде бақылау тексеруі басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскерлерді тексеру қысқы оқу кезеңі аяқталғанша жүргізіледі.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскердің жауынгерлік дайындығын түбегейлі арттыру жөніндегі міндеттерін іске асыру шеңберінде бұл шара жаңа тәртіппен өтіп жатыр.
«Бас штабтың жоспарына сәйкес, құрамалар мен әскери бөлімдер дабыл бойынша көтерілді. Бөлімшелер практикалық оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайтын полигондарға темір жол көлігімен, жауынгерлік техникамен жетуді жүзеге асырады.
Полигондарда тактикалық, оның ішінде түнгі жағдайда да оқу-жаттығулар мен атыстар өтетін болады. Бұдан өзге, бөлімдердің белгіленген мерзімде жүктелген тапсырмаларды орындау үйлесімділігі мен қабілеті, әскери қызметшілердің оқытылуы, сондай-ақ командирлердің бағынысты және сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқара білуі бағаланатын болады.
Қарулы күштердің барлық құрамалары мен бөлімдері, сондай-ақ әскери басқару органдары тексеріледі», - делінген хабарламада.