«Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ президенті мен Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары лауазымды қызметін асыра пайдаланды деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі» (ЖҚЗҒЖ) жобасын жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың жымқырылуына қатысты істі тергеуде. Тергеу барысында «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ президенті мен Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасы орынбасарының лауазымды қызметін асыра пайдаланғаны анықталған.
«Қоғамның бұрынғы басшысы 2009 жылдың 6 қазанында қаржылық-экономикалық негізсіз француздық «EADSAstrium» компаниясымен құны 260 млн еуро тұратын екі спутник жеткізу туралы келісімге келген. Сонымен қатар қоғамның тағы бір бұрынғы президенті, кейін министрліктердің бірінде вице-министр болған адам «Астана Банкі» АҚ-ға 1,6 млрд теңгені негізсіз салуына қатысты күдікке ілінді. Аталмыш банктегі дефолтқа байланысты қаражат қайтпай қалған», - деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен.
Жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері «Қазақстан ғарыш сапары» мен Қазғарыштың осы іске қатысты лауазымды тұлғаларының үйіне тінту жүргізген. Тінту барысында маңызды құжаттар мен заттар, сонымен қатар ұлттық және шетелдік валютадағы қаражат тәркіленген.
«Сонымен бірге жобаны жүзеге асыруға қатысқан лауазымды тұлғаларға қатысты қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу жалғасуда» делінген хабарламада.