05 шіл, 2022 сағат 12:18

Қазақстан ешқандай заңды бұзған жоқ – Өскенбаев "Жібек жолы" кемесі жайлы

Коллаж: ulysmedia.kz.

Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Қайырбек Өскенбаев Түркияда дауға қалған қазақстандық "Жібек жолы" кемесі жайлы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Жібек жолы кемесі Ресей компанияларына жалға берілген. Ресей компаниясы ешқандай санкцияда емес. Оларға ешқандай шектеу жоқ. Сол себепті біздің кәсіпкерлер, яғни ҚТЖ-ға қараған KTZ Express Shipping компаниясы жалға берді. Олар не тасығанын өздеріңіз де көріп отырсыз ғой. Өйткені ол бізге де жаңалық болып тұр. Заңды түрде таситын тауар болса ешқандай шектеу жоқ. Ал бірақ шарт бойынша бір елдің заңын бұзатындай жағдай болса, онда біздің кәсіпкерлер мәселе көтеріп, ол кемені кері қайтаруға құқығы бар”, – деді Ералы Тоғжанов үкімет кулуарында.

«Осы жағдайдың өзі Қазақстанды ешқандай санкцияларға ұрындырмайды деп айта аласыз ба?» деген сұраққа министр «Қазақстан ешқандай заң бұзған жоқ» деп жауап берді. Ал «жалға берудің ешқандай салдары болмай ма?» деген сөзге министр «соқпайды» деді.

«Ол компанияға (кемені қолданған ресейлік компания) ешқандай шектеу жоқ. Сол себепті заңды түрде берді. Бірақ ол жақтан заңбұзушылық болса, Түркия немесе Украина бізге ресми түрде баяндама берсе, онда біз де зерттеп, тиісті шара қабылдап, өз шешімізді белгілейміз», - деді ол.

Министр кеменің қашан жалға берілгенін білмейтінін айтты.

«Қазақстан үшін ешқандай салдар болмауы керек. Өйткені Қазақстан халықаралық келісімшартты бұзған емес, бұзбайды да. Біз шешімді күтеміз. Себебі істің мән-жайы толық белгісіз. Қандай да бір шешімнің шыққаны туралы баспасөз хабарламасы тараса, біз соған қарай тиісті шешімді қабылдаймыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Еске сала кетсек осыдан бірнеше күн бұрын бірқатар басылымда қазақстандық «Жібек жолы» кемесімен Бердянск теңіз сауда порты арқылы Украинадан Түркияның Қарасу портына астық экспортталғаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Украина тарапы Түркия билігіне аталмыш кемеге тосқауыл қоюды өтінген. Себебі Украинадан тоналған бидайды Ресей тарапы басқа елдерге сатпақ деген аргументті келтіреді Украина тарапы. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бұл ақпаратты растап, Қазақстан кемесінің астық тасу себебін түсіндіріп, кеменің жалға берілгенін жариялаған еді.