15 мау, 2022 сағат 18:34

Қазақстан ЕАЭО-дан шығады деген қауесет шындыққа жанаспайды – Президент


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы туралы тарап жүрген қауесетке жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан осы интеграциялық бірлестіктерде өзінің қызметін ұстанады. "Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысты салқындық танытып отыр және осы ұйымдардан шығады" деген қауесеттер шындыққа жанаспайды. ҰҚШҰ-ға тоқталсақ, Мәскеудегі сөзімде Қазақстанға шектеулі контингентті жіберу арқылы ҰҚШҰ 30 жылдың ішінде алғаш өзін көрсеткенін айтқан едім. Атап айтқанда, бұл контингентті Ресей емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жіберді», - деді ҚР Президенті ресейлік журналист Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында.

Осы орайда Мемлекет басшысы Ресейде кейбір адамдар бұл жағдайды бұрмалап жүргенін, яғни олар "Ресей Қазақстанды құтқарды, енді Қазақстан Ресейге қарыздар" деген жаңсақ пікір айтып жүргенін сынға алды. Мұндай қауесет мүлдем шындыққа жанаспайды.

«Дәл осы ҰҚШҰ-да Қазақстан белсенді қатысушы ретінде көрініп отыр. Ал бұрындары бұл ұйым саммитерді өткізумен, декларацияларға қол қоюмен айналысып жүрген еді. Енді ұйым өзін айтарлықтай тиімді жағынан көрсете алды. Басқа жағынан алып қарағанда, бұл жағдайға саяси астар беруге, сондай-ақ қысыр әңгімеге айналдыруға болмайды», - деді Тоқаев.