09 нау, 2022 сағат 22:00

Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 49-шы сессиясына қатысты


Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев БҰҰ Жоғарғы комиссары Мишель Бачелеттің әлемдегі адам құқықтарының жағдайы туралы негізгі баяндамасы бойынша өткен Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 49-шы сессиясының жалпы пікірталастарына қатысты.

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

БҰҰ бас құқық қорғау органының алаңында Қазақстанның Тұрақты өкілі қаңтар оқиғаларына жан-жақты және транспарентті тергеуді қамтамасыз ету бойынша елімізде қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ «Жаңа Қазақстан» құрылысы шеңберінде жүргізіліп жатқан реформалар мен халықтың өмірлік маңызы бар әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу бойынша Мемлекет басшысының бастамалары туралы ақпарат ұсынды.

М.Бачелеттің баяндамасына Еуроодақ және Люксембург делегациялары өз мәлімдемелерінде қазақстандық биліктің қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бейілділігін атап өтіп, қаңтар оқиғаларына ашық және тәуелсіз тергеуді қамтамасыз етуге шақырды.

Қазақстандық дипломат атап өткендей, Кеңестің толыққанды және жауапты мүшесі ретінде Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасымен және арнайы рәсімдерімен тұрақты диалогты қолдайды, сондай-ақ елдегі адам құқықтарын қорғау мақсатында халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жасайды.