ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында ел Президенті лауазымынан неліктен бас тартқанын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әрине, өкінбеймін. Себебі бұл барлық жағынан ойластырылған шешім болатын. Қазақстан басшылығында 30 жыл отырғанымды ұмытпау керек. Орталық комитет мүшесі болған өткен ғасырдың 1979 жылынан бергі уақытты ескерсек - 40 жыл, ал Қазақстан үкімет басшысы болған кезімнен бері есептесек - 35 жыл. Ең алдымен осы жылдар бойы мені мемлекет басшысы етіп сайлаған халқыма рахмет. Қалай десек те, халықтың белгілі бір бөлігі бір адамнан шаршаған шығар. Мұндай да жайт бар. Екіншіден, өзгерістер қажет. Ештеңе де бір орында тұрмайды. Өзгерістер, жаңа адамдар, жаңа кадрлар керек. Кез келген адамның өз көзқарасы, пайымы бар. Сондықтан бұл түбегейлі ойластырылған, дұрыс қадам деп ойлаймын. Бұлай жасағаныма, кімді мұрагер етіп алғаныма еш өкінбеймін», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев президенттік лауазымын доғарған кезде әлемнің көптеген ірі мемлекеттерінің басшылары хабарласып, өкініш білдіргенін еске алды.
«Біз осы жылдар ішінде таңғалаларлық ұлы жетістіктерге жеттік. Қазақтар өз тарихында бұлай өмір сүріп көрген емес. Бұл - факті. Бізден басқа ешкім де екі ғасырдың тоғысында мұндай елорда салған емес. Миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Сондықтан маған көрсетілген осындай сенімге зор ризашылықпен істен алшақтауға шешім қабылдадым. Жасқа байланысты қандай да бір шектеу де бар. Мемлекеттің бірінші басшысы барлық уақытта да ақбоз атта, алда болуы тиіс және энергетикасы өте мықты болуы қажет. Егер ата-анамнан осындай қуатты энергетика дарымағанда бұған шыдамас та едім. Себебі жылдар өте ауыр болды. Яғни, өкінбеймін. Халық үшін, Қазақстан үшін дұрыс істедім деп есептеймін», - деді Н.Назарбаев.