Фото: ҚР ОАМ
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері «Қазақстан балалары» атты 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы таныстырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Тұжырымдаманың әзірленуі
Аталған құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген. Алғаш рет балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, білім алуға, денсаулығын қорғауға, сондай-ақ отбасын қолдау мен әлеуметтік қорғауға бағытталған барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламалар бір жүйелі құжатқа біріктірілді.
Балалар саны және демографиялық жағдай
Брифинг барысында Қазақстанда шамамен 6,9 млн бала тұратыны айтылды. Бұл ел халқының жалпы санының 34 пайызына тең. Соңғы 10 жылда балалар саны 1,5 млн-ға артқан, бұл тұрақты демографиялық өсімді және балалық шақ саласындағы мемлекеттік саясаттың өзектілігін көрсетеді.
Төрт басым бағыт
Тұжырымдама бала құқықтарының негізгі бағыттарын қамтитын төрт басым бағыттан тұрады:
балалардың қауіпсіздігі;
сапалы білім алу құқығы;
денсаулықты қорғау;
отбасы және әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтар.
Құжаттың тиімділігін бағалау үшін 10 индикатор белгіленіп, оны іске асыру 158 іс-шара арқылы қамтамасыз етіледі.
Балалардың қауіпсіздігі
Құжатта балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Қазіргі таңда елде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді, барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілген, сондай-ақ «111» байланыс орталығы қызмет көрсетуде.
Тұжырымдама аясында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын дамыту, тәуекелдерді ерте анықтауға арналған цифрлық құралдарды енгізу және психологиялық әрі менторлық сүйемелдеуді кеңейту жоспарланып отыр.
Цифрландыру
Тұжырымдаманың жеке бөлімі цифрландыруға арналған. 2027 жылдан бастап mGov платформасында мемлекеттік қолдау шараларын бірыңғай есепке алатын және отбасылардың қайта жүгінуінсіз баланы ведомствоаралық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін «Баланың жолы» цифрлық жүйесі енгізіледі.
Білім және әлеуметтік саясат
Білім беру саласында мектепке дейінгі және инклюзивті білім беруді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру ұйымдарының сапасы мен жауапкершілігін арттыру жұмыстары жалғасады.
Әлеуметтік салада балалар үйлеріндегі тәрбиелеу моделінен отбасылық орналастыру нысандарына көшу, тәлімгерлікті дамыту және атаулы қолдауды күшейтуге басымдық беріледі.
Күтілетін нәтиже
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғаудың тұтас әрі орнықты жүйесін қалыптастыруға, әлеуметтік және білім беру қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, әрбір баланың дамуына қауіпсіз орта құруға және ұзақ мерзімді әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 27 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы ресми түрде бекітілген.
