- 3 қаңтар күні Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде 2017 жылғы Кеңестің алғашқы отырысына қатысты.
Отырыс барысында 2017 жылдың қаңтар айына арналған Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс бағдарламасы бекітілді. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының Уақытша сенімді өкілі Барлыбай Садықов бастап барды.
Сол күні Қауіпсіздік Кеңесіне мүше Боливия, Ұлыбритания, Египет, Италия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Сенегал, АҚШ, Украина, Уругвай, Франция, Швеция және Жапонияның барлық делегация жетекшілерінің дәстүрлі ресми кездесуі болды. Шара Швеция корольдігінің уәкілдігінде бұл елдің тұрақты өкілі, 2017 жылдың қаңтарынан Қауіпсіздік Кеңесін басқаратын Олаф Скугтың төрағалығымен өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйлеу барысында Б.Садықов аталған ұйым жұмысындағы превентивтік дипломатия және сенім шараларын нығайту, халықаралық терроризмге қарсы күрес, жанжалдарды реттеу және таратпау сынды Қазақстан үшін маңызды мәселелерді атап өтті.
Осы орайда Б.Садықов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 25 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының қабырғасында жариялаған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру бастамасының сәтті жүзеге асқанын және диалогтық форумның Азия құрлығындағы қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Бүгін Кеңестің Сирия (елдегі химиялық қару жағдайы) және Ирактағы (гуманитарлық аспект) жағдай жөнінде жабық консультациясы өтеді.