«Қазақфильм» киностудиясының аумағында аты аңызға айналған кинорежиссер, КСРО халық артисі Шәкен Аймановтың туғанына 108 жыл толуына орай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Сондай-ақ жақында ғана 99 жасқа толған ҚР халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Померанцевке арналған ескерткіш жұлдыздың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шараға денсаулығына байланысты Юрий Померанцевтың өзі қатыса алмады.
Салтанатты шараға «Қазақфильм» киностудиясы мен М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры басшылығы мен ұжымы, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының өкілдері, Шәкен Аймановтың туған-туыстары, белгілі киногерлер мен журналистер қатысты.
«Міне, 40 жылға жуық біздің киностудиямыз ұлы режиссер Шәкен Аймановтың есімімен аталып келеді. Ол біздің мәдениетіміздің дамуына үлкен үлес қосты. Шәкен Кенжетайұлы замандастарымен бірге ұлттық киноның берік іргетасын қалады. Сондай-ақ, бүгін қазақ киносының жұлдыздар аллеясында «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде басты рөлді сомдаған ҚР халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Борисович Померанцевке арналған атаулы жұлдыз жанды», - деді «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев.
Аталған шараға М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының директоры Юрий Якушев қатысып, киностудия басшылығына ілтипат білдіргені үшін алғыс айтып, келесі жылы Юрий Померанцевтың жүз жылдық мерейтойы тойланатынын атап өтті.
Іс-шарадан кейін Қазақ киносының музейінде қонақтарға арналған шағын экскурсия өткізілді. Экскурсия барысында «Қазақфильмнің» президенті Ақан Сатаев жиналғандарға жаңғырту бағдарламасы бойынша киностудияға сатып алынған жаңа кинотехниканы таныстырды.