18 қыр, 2017 сағат 12:09

"Қазақавтожолдың" Қарағанды облыстық филиалының директоры 17 миллион теңге парамен ұсталды (Видео)

"Қазақавтожолдың" Қарағанды облыстық филиалының директоры және орынбасары 17 миллион теңге парамен ұсталып, екі айға  қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті "Акжол ДС" ЖШС өкілдері М.Ыбышев мен Б.Жақпаровтан 17 миллион теңге көлемінде пара алған "Қазақавтожолдың" Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Ғ.Мұқанов пен оның орынбасары Е.Отаровты ұстады", - делінген хабарламада. 


Ақшалай қаражат Қызылорда-Қарағанды-Павлодар автожолының жұмысы бойынша атқарылған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қойғаны үшін берілгені айтылады хабарламада.

5 қыркүйекте М.Ыбышев, Б.Жақпаров, Н.Мұқанов, Е.Отаров ҚР ҚПК-нің 128-бабының тәртібінде ұсталып, Қарағанды қалалық ІІД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ғадыл Мұқанов пен оның орынбасары Ержан Отаров 2017 жылдың 15 қарашасына дейін қамауда болады. Сондай-ақ, Ержан Отаровқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)") тергеу жүргізіліп жатыр.

Cонымен қатар, Қазыбек би аудандық сотының шешімімен "Акжол ДС" ЖШС өкілдері М.Ыбышев мен Б.Жақпаров та екі айға қамауға алынды. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 3-бөлігі 1,2-тармағы бойынша ("Пара беру") тергеу жүргізіліп жатыр.