Батысқазақстандық ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына байланысты ой-толғамын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, мақаланы Абайтанудың жаңа баспалдағы десе болады.
- Бұл – ұлы ақынның рухани мұрасына ХХІ ғасыр биігінен қайта үңілу, қайталап оқу, халықтың тарихи жадысын ояту. Қазақтың Қабдоловы «Абай –біздің рухани әкеміз» деп айтып кеткен. Замана өзгергенде әке мен баланың, үшінші ұрпақ немеренің арасында түсінбеушілік, дүниетаным тартысы болмай тұрмайды. Дегенмен бұлардың арасын жіпсіз байлап тұрған рухани тін, тамыр бар. Осы тамыр үзілсе, ұлт жоғалады, өзін-өзі танымайтын дүбәра тобырға айналады, - дейді ғалым.
Қазақ ұлтының рухани тамыры – Абай, Абай сөйлеген тіл, Абай негізін қалаған жазба әдебиет. Сондықтан Мемлекет басшысы «Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», - деп отыр.
Кезінде орыс ақыны А.Твардовский «Пушкинсіз барған коммунизмнен не үміт, не қайыр» деген еді. Біз, Қазақ елі Мәңгілік ел боламыз десек, болашаққа Абаймен баруымыз қажет. «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз», - дейді автор. Иә, ХХІ ғасыр білектің емес, біліктің заманы. Қазақ ұлтының зияткер ұрпағы жеті жұрттың тілін, жеті түрлі білімді білуі тиіс.
Мақалада Абай жолы - халық жолы екені жан-жақты ашылған. Сонымен қатар әр азаматтың мемлекет ісіне мүдделес болу қажеттігі де ашық айтылған. Ұлы Абай «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп неге күңіренді. Себебі ол елдікті ойлады, мемлекетшілдікті аңсады. Сыбыршыл, күншіл, даңғаза тобырды көріп, жаны ауырды, күйінді. Ұлттың сөзін сөйлеп өзі толық адамға, тұтас ұлттың өзіне айналды. Қазақ жұртының даңғыл жолы - Абай көрсеткен еңбек жолы, ерінбей еңбек етіп, тіленбей мал тауып, ата жолын қуатын патриот ұрпақ тәрбиелеу. Жаһандануға жамырап, жат мәдениетке исініп кетпейтін ата дәстүр мен ана тілге жүрек қазығын қадаған жас өскін елдің болашағы.
«Бүгінде бабалар армандаған тәуелсіз Қазақстанның төрінде отырып, Абай заманындағы қазақ пен бүгінгі қазақтың айырмасы қандай деген сұраққа ойлану керек сияқты. Оза шауып бәйге алдық па, әлде дүрмектің ішінде бір-біріміздің етегімізден тартып жүрміз бе? Жаңа Қазақстанның өзегін құрайтын жаңа қоғамның азаматы Абайша айтқанда, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған толық адам болу керектігін Мемлекет басшысы терең толғаған. «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», - деген айшықты сөзі өз асылымызды тануға шақырады. Ұлт ұстазының әр сөзінен тағылым алып, егемен еліміздің еңсесін көтеру үшін, Абай тілі, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өркендеуі үшін атқарар өрелі істер күтіп тұр бізді, ағайын!» деп түйіндеді ойын Мұрат Сабыр.