30 қыр, 2020 сағат 14:52

Қазақ тілінің мәртебесі: Этнос өкілдері «Тіл қорғандары» тобына қосылып, үндеу жариялады

Тіл саясаты комитеті онлайн режімде «Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырудың тиімді жолдары» тақырыбында семинар-кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Тіл тағдырын 30 жыл бойы айтып келеміз. Егер осы бағытпен жүре берсек, елу, не жүз жыл өтуі мүмкін. Бірақ бәрібір заңдарымызды мемлекеттік тілде жазбаймыз. Сонда кімге қарайлап жүрміз? Бүгінгі бүлдіршіндеріміздің қолында басқа тілді контент жүргеніне кімді айыптауға болады. Олар ертең кім болып өседі. Бұл – ұлт қауіпсіздігі мәселесі. Ресми түрде іс-қағаздар мен жиналыстар мемлекеттік тілге көшкен. Есеп бойынша солай. Егер солай болса, аударма не істеп жүр? Яғни құжаттардың бәрі әуелі орысша дайындалады да, соңынан қазақ тілі жүгіріп жүреді деген сөз. Мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру – тек қазақтардың ғана мәселесі емес, еліміздің әр азаматының атсалысатын мәртебесі», – деп атап көрсетті семинар барысында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

Онлайн бас қосу ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың кіріспе сөзімен басталды. Одан кейін сөз алған Павлодар облыстық еврей этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Татьяна Сливинская ел тұрғындарының жетпіс пайыздан астамы мемлекет құраушы ұлт өкілдері, сол көпшілік азшылыққа үлгі болса деген ой айтты. Өз кезегінде «Ватра» украин мәдени орталығының төрағасы Тарас Чернега «Халықты біріктіретін – бірлік пен ортақ жалпы құндылықтар. Соның ең ішіндегі ең маңыздысы – мемлекеттік тіл» екенін жеткізді.

Семинар барысында «KAZAKH INVEST»ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Николай Путилиннің сөзі мыңдаған қазақстандық жастардың жүрек толғанысын жеткізгендей болды.

«Мен үшін қазақ тілі – жай ғана тіл емес. Мен үшін бұл – өмірге жол ашқан байлығым. 24 жасымда бірнеше телеарналарда, соның ішінде республикалық телеарналарда, мемлекеттік органдарда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Қазір мен ұлттық компанияның баспасөз хатшысымын. Мұның бәрі қазақ тілін білудің арқасында. Бір ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылады. Егер бір ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет және ақиқат жоғалып, жалпы халық жойылуы мүмкін. Қысқасы, бір ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың келешегі болмауы да мүмкін. Мұндай жағдай туындаудан бұрын қатердің алдын алу өте маңызды. Еліміздің әрбір азаматы бұл сөздің маңыздылығын, тереңдігін түсініп, сөзден нақты іске, яғни тілді үйренуге көшсе. Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!» - деді ол.

«Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев мынадай жан тебірентерлік оқиғаны айтып берді. Іскер байланыс орнатуға келген еуропалық бір азамат қазақ тілін білмей тұрған кәсіпкермен жұмыстас болудан бас тартыпты. Себебін сұраса, туған елін қадірлемейтін адам ешнәрсенің қадірін ұға алмайды, қасиетсіз адамдармен кәсіп құру қауіпті деген екен.

Алматылық жас жігіт Евгений Демиденконың пікірінше, тіл үйрету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ешқандай шек жоқ, бірақ жастар арасындағы насихаты жеткіліксіз. Тілді қадағалайтын құзырлы орындар құрып, талапты күшейту жөнінде пікірлер айтылды. Кездесу соңында нақты ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, республика жұртшылығына үндеу жарияланды. Сондай-ақ этнос өкілдері Президенттің мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын жүзеге асыру мақсатында тіл комитеті қасынан құрылған «Тіл қорғандары» онлайн тобына қосылып, қазақ тілінің беделін арттырып, мәртебесін көтеруге қатысуға ниет білдірді.

 ***

Ү Н Д Е У

Біз этномәдени бірлестік басшылары!

- тіл саясатын жүзеге асыратын 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қазақ тілінің қолданысын міндеттеу нормативтерін бекітетін «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауға; Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңындағы «мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» - деген 4-бапты, «мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының міндеті» деп ауыстыруға қажетті шараларды енгізу;

- Қазақстан Республикасындағы кез келген нормативтік құжат, заң мәтінін алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуді ұйымдастыратын қанатқақты (пилотный) жобаны іске қосу;

- қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ҚАЗТЕСТ жүйесін қоғамның әртүрлі саласында жұмысқа орналасу, қызметке тұру барысында іріктеу ережелеріне міндетті енгізудің нормативтік-құқықтық базасын әзірлеп, құзіретті мекемелермен келісуді ұйымдастыру;

- «Қазақ тілі», «Қазақстан тарихы» сияқты оқу пәндерінің мазмұнына қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі қызметі, оның сол мәртебеде қалыптасу тарихына қатысты жүйелі ақпараттарды енгізу шараларын қолға алу;

- сырттан келген мигранттардың тілдік және мәдени бейімделуі үшін мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білуін міндеттеуді, сертификаттауды қамтамасыз ететін нормативтік база әзірлеу.

- қазақтілді бизнес-коммуникация алаңдарын кеңейтуге және құралдарын жетілдіруге басымдық беру;

- мемлекеттік емес компания, жеке меншік мекемелер мен қаржы, банк саласының ұйым қызметкерлерін мемлекеттік тілде сөйлеуге ынталандыратын нормативтер әзірлеу және шаралар жүйесін ұйымдастыру;

- мемлекеттік тілдің әлеуметтік имиджін арттыру мақсатында жастар арасында қазақша сөйлеуге шақыратын пікір алаңдарын, түрлі акциялар, латынграфикалы әліпбиді енгізуге байланысты стрит-арт байқауларын өткізуге қолдау көрсету керек деп есептейміз.