22 қаз, 2022 сағат 12:25

Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады – Президент


Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландыру кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырағанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес" - деді Мемлекет басшысы Республика күніне орай өтіп жатқан мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.