Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігі қызметкерінің қатысуымен болған келеңсіз жайтқа байланысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылдың 10 қаңтарында мемлекеттік шекараның «Ақ жол» - «Қордай» бақылау-өткізу пунктіндегі Қырғызстан жағында Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің әкімшілік-техникалық персоналы қызметкерінің қатысуымен оқиға орын алды. Қазіргі уақытта қызметтік тексеру жүріп жатыр. Оның нәтижесінде тиісті шара қабылданатын болады«, - деді Айбек Смадияров,
Оның айтуынша, Қазақстан Елшілігі қызметкерінің көлігінде отырған әйел еліміздің сыртқы дипломатиялық корпусының қызметкері емес. Ол дипломатиялық нөмірі бар Елшілік қызметкері басқарып келе жатқан көлікте отырған.
«Елшілікке оның еш қатысы жоқ. Қазір оның дипломатиялық көлікте неліктен отырғандығы анықталып жатыр. Нәтижесін қосымша жария етеміз. Ол Қырғызстан аумағындағы бір іс бойынша күдікті. Оған сол елден шығуға шектеу қойылған», - деді ресми өкіл.
Айбек Смадияров Елшілік қызметкері тұтқынға алынбағандығын баса айтты.
«Ол – Бішкекте. Кейбір БАҚ хабарлағандай, ол тұтқынға алынған жоқ. Тек көлігін шекараны кесіп өту барысында тексеру үшін тоқтатқан. Әйел де Бішкекте, өз үйінде. Ол сол жақта тұрады», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР СІМ қырғыз тарапымен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлаған болатын.