12 қаң, 2020 сағат 07:30

Қазақ-қырғыз шекарасында елшілік қызметкерінің ұсталғаны рас па – министрліктің жауабы

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің қызметкері шекарада ұсталды деген ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Кеше БАҚ-та қазақ-қырғыз шекарасында Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің әкімшілік-техникалық персоналының қызметкері ұсталды деген ақпарат тараған болатын. Ол алаяқтық жасады деп айыпталған қазақстандық әйелді дипломатиялық нөмірі бар автокөлікпен шекарадан шығармақ болыпты-мыс.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің өкілі Sputnik Қазақстанға бұл оқиғадан хабардар екенін айтты. Алайда елшілік қызметкерін ешкім ұстамағанын нақтылады.

"10 қаңтарда қырғыз тарапында "Ақ жол – Қордай" мемлекеттік шекарасының бақылау-өткізу пунктінде Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің әкімшілік-техникалық персоналы қызметкерімен болған жағдайды растаймыз. Қазір қырғыз тарапымен бірлесіп бұл оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз", - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Айтуынша, қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай туралы толық мағлұмат кейінірек хабарланады.