Атырау облысының әкімі Н.А.Ноғаевқа,
ШҚО-ның әкімі Д.К.Ахметовке,
БҚО-ның әкімі А.С.Көлгіновке,
Қостанай облысы А.Б.Мұхамбетовке,
Павлодар облысының әкімі Б.Ж.Бақауовқа,
СҚО-ның әкімі Е.Х.Сұлтановқа,
Ақмола облысының әкімі С.В.Кулагинге!
Құрметті әкімдер!
Өздеріңізге белгілі, Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздікті ала салып, небәрі он бес-ақ күннен кейін жолға қойған ТҰҢҒЫШ, әрі ҰЛЫ саясаты!
Ең кереметі, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстан Республикасына қоныстандыру тәртібі мен шарттарын» №711 Қаулы еткізіп, 1991 жылы 18 қарашада – Қазақстан тәуелсіздігін жариялудан бір айға жуық бұрын шығартып қойған.
Атап айтуымыз керек, азаттық таңы атар-атпастан алыста жүрген ағайынды бірден Атажұртқа шақырып, ұлтын сүйюдің теңдессіз үлгісін көрсеткен кісі – Нұрсұлтан Назарбаев!
Міне, содан бері алыс-жақын шетелдерден келетін Қазақ көші, аздап саябырлаған кездері болған шығар, тоқтаған емес. «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасына өткен жылы енгізілген өзгертулер мен толықтырулар – Мемлекетіміздің Көші-қон саясатындағы бұдан бұрынғы мезгілдердегі кеткен кемшіліктерді жойып, 2016 жыдан бастап Көшке жаңа серпін беру ниетінен туғаны белгілі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпанда №83 Қаулы шығарып, Оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыратын арнайы өңірлер етіп, Сіздер тізгінін ұстап отырған Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарын айқындап беруі соның дәлелі. 2016 жылғы 18 ақпандағы №82 қаулымен Оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2016 жылға арналған өңірлік квотасын бекітіп, 1259 отбасыдан тұратын оралмандарды қабылдаудың 2016 жылға арналған өңірлік квотасын бекіту де алыстан келетін ағайынға деген қамқорлықтың жарқын белгісі...
Алыстан келген ағайын үшін ең алдымен шешілуге тиісті мәселе – құжаттану еді. Бұл жағы айтарлықтай жеңілдеді. Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы департаментінің облыстардағы басқармалары үш айдың ішінде тұрақты тіркеуге тұрғызып, Қазақстан азаматтығын беріп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгінiң қатысты мекемелері жағынан бес жұмыс күні ішінде «Оралман» куәлігі қолдарына тиеді. Білім алу, денсаулық сақтау, кеден салығы... жағындағы қажеттіліктер де өз деңгейінде Заңмен қамтамасыз етілген әрі атқарылу үстінде.
Бір сөзбен айтқанда, өткен жылы 24 қарашада Елбасы қол қойып, биылғы жаңа жылдан бастап қолданысқа енген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның көшіп келіп, «Оралман» мәртебесін алған ағайындарымыз үшін тиімділігі өте көп. Үкімет бөлген 1259 отбасылық өңірлік квотаны айтпағанда, жергілікті атқарушы билік қолымен жасалатын жеңілдіктердің өзі-ақ жетіп артылады.
Мысалы, Жер! Ауылды жерлерге көшіп келген ағайын үшін құжаттанудан кейін шешілуге тиісті ең бір зәру мәселе – осы Жер! Шаруашылық құрып, дербес күн көру үшін жер керек!
Бұл мәселе «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 23-бабында былай шешілген:
3. Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу, саяжай құрылысы үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елдi мекендердiң жерлерінен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, иммиграциялық жер қорынан, арнайы жер қорынан және босалқы жерлерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.
Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Жер кодексінде» (46-бап.) «4. Оралмандарға берiлетiн жер учаскелерiне осы Кодекстiң 48-бабының нормалары қолданылмайды» деп жазылған. Яғни, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi оралмандарға конкурссыз, аукционсыз беріледі.
Өкінішке орай, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 15-бабында «Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;» деп көрсетілгенімен, жергілікті атқарушы билік бұл саясатты атқаруға келгенде немқұрайлылық танытып отыр. Жаңа заңның қолданысқа енгеніне, міне, он айға таяп келеді, бірен-саран аудандар болмаса, көп санды әкімнің өз өңіріне көшіп келген қандастарын шақырып, ең құрығанда, қосалқы шаруашылық жүргiзу үшін бір тілім жер бергенін естімедік!
Мүмкін, шеттен келген ағайын «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында мұндай тиімділіктің бар екенін білмейтін де шығар. Жергiлiктi атқарушы органдар – Ішкі саясат бөлімі, ауыл әкімдері үгіт-нәсихат қызметін жүргізіп, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қандастарына жасап отырған қамқорлығын түсіндірсе, артық болмас еді!
Қазақ Елі «Тәуелсіздігінің 25 жылдығын» тойлап жатырмыз. 18 қарашада Елбасымыздың пәрменімен жоғарыдағы Қазақ көші туралы тұңғыш Қаулының шыққанына да ширек ғасыр толады. Аз уақыт емес! Көші-қон саясатының тарихи маңызы мен стратегиясын түсінетін уақыт әбден болды. Қазақ көші қарқын алу үшін атқарушы билікке қандастарына деген жаңа көзқарас қалыптасатын кез баяғыда жетті.
Тәуелсіздіктің алғашқы бес жылында (1991 – 1996 жж.) 104 009 қандасымыз көшіп келгені мәлім. Бұл мезгілдің Қазақстан экономикасының ең бір тоқырау кезеңі екенін ескерсек, алыстағы ағайынның тек дүние үшін келмегенін бірден аңғару қиын емес. Оралмандар дүние үшін, тек алу мақсатында келеді деу – жаңсақ көзғарас! Міне, биыл да республика бойынша 1259 отбасына ғана квота бөлінгенімен, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айының өзінде атажұртқа 6840 отбасы оралыпты. Ажыратылған қаржыдан алты есе көп. Соның бәрі Үкіметке алақан жайып, ақшалай жәрдем сұрап отырған жоқ, өз еңбегімен күндерін көріп жатыр. Оларға, тек, шаруашылығын шалқытуға Жер беріп, орай жаратсаңыздар ғана болғаны. «Нұрлы Жер» бағдарламасы арқылы аудан, ауыл маңайынан баспаналық жер телімдері қарастырылса, тіпті жақсы. Сіздерден осы қандастарымызға Жер беруді қолға алуларыңызды өтінем. Себебі, бұл мәселе шешілсе, БАҚ-та жария етіліп тұрса, алыстағы ағайынның жеті облысқа келуге ынтасы тіпті де арта түсер еді!
Барша жұмыстарыңызға табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
Құрметпен, ақын Ауыт Мұқибек
Abai.kz