15 мам, 2016 сағат 19:56

Қазақ халқының тарихын оқытпауды 117 ректор шеше ме?

2015 жылы 11 желтоқсанда ҚР Білім және Ғылым министрлігінің кеңейтілген мәжілісінде 117 жоғарғы оқу орындарының ректорлары «Қазақстан тарихы» пәнін «Қазіргі Қазақстан тарихы» пәнімен ауыстыруды бірауыздан қолдапты. «Қазіргі Қазақстан тарихы» бұл «жаңа пән» 1991 жылдан яғни тек Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытты ғана қамтиды. Сонда мұқым бір халықтың тарихын тереңдетіп оқытуға қарсы болған ректорлар жастардың келешегіне балта шауып, оларды отан сүйгіштік сезімге тәрбиелейтін пән-Қазақстан тарихын оқыту қажет емес деген шешім шығарыпты. Ал сол жастардың ата-анасы бұл қатерлі шешімге қазақтар не айтар екен? Қазақ халқы 117 ректор мен министрліктегі жағымпаз жандайшаптардан ғана тұрмайтын шығар.

Ал тарих деген мазмұны терең рухани ұғымның адам санасының, дүниетанымының, елдің, ұлттың хал-ахуалының дамуына, қоғамдық қарым-қатынастардың дұрыс қалыптасу дәрежесіне тигізер әсері ерекше. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болуы да тіпті де мүмкін емес.

Ал осы тарихтың маңызы қандай екендігін Алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатов кезінде дәлелдеп кеткен.

Ол «тарих дейтін-бұрынғы өткен заманның жайынан сөйлеп тұратұғын; бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретұғын ғылым. Қазақтың көбі оны «Шежіре» деп атайды. Бұ заманның ғалымдары тарих атауын ең оңды атау деп біледі. Тарих-түзу жөнді үйретуші. Тарих-халықты түзу жөнге сілтеуші болса, оған дүниеде түзушіліктің кітабы (әділеттіліктің барометрі, қосқан мен Е.Қ. ) тіршіліктің жолбасшысы деуге болады». Келешек күннің қандай болатындығын білуге тарих анық құрал болады.

Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ұлт қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Егер бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кем, қор болмайтын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып білуге тиіс.

Тарихтың айтатыны мынау: біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі, олардың дүниеде не істеп, не бітіретіндігі, қандай құты барлығы, ол құтты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зардап көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досы-дұшпаны кімдер болғаны, не себептен бағы тайғандығы және осыған ұқсас істердің барлығын тарих түсіндіріп тұрады. Бұрынғы бабаларымыздың басынан кешкен жақсы-жаман қандай уақиға бар болса, оның бәрінің өзіндік себебі болған. Со секілді келешекте біздің басымызға түсетін сондай бір оқиғалар осы күнде қылып жүрген ісіміздің нәтижесі болмақ. Тарихты оқысақ, онда қандай істен қандай нәтиже туатынын анық білеміз. Жақсы істен — жақсылық, жаман істен — жамандық тумақшы. Егер тарихты оқып білсек, пайдалы істің қандай екенін білеміз. Залалды істен қашамыз. Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақшымыз. Осы күнде істеп жүрген ісіміз, қылған жұмысымыз, мінез-құлқымыз, сөздің бәрі кейінгілерге тарих болып қалады». Күні бүгін дүниеде ешбір нәрсенің асылы білінбей қалған жоқ. Әр нәрсенің түбі тексерілді, асылы білінді. Білімі артық, көзі ашық жұрттар дүниедегі адам баласының асылын, нәсілін тексеріп болып, барлығын кітапқа жазды. Бөтен жұрттар қатарында ала бөтен біздің қазақ халқының асылы тексеріліп, тарихы толық жазылған жоқ. Бүгін Азия картасының төрттен біріне ие болып тұрған қаншама миллион қазақтың тарихы көмескі қалып та тұрған жайы бар.

Тарих ғылымында қанша тарих жазушылар шығып, қаншама кітап жазып шығарды. Солардың арасында қазақтың асылын анық қып айтатыны жоқ. Арабша, түрікше, орысша біз көрген кітаптарда қазақ турасында жазылған сөздердің бәрі де хақиқатқа хараб, шіп-шикі өтірік. — деп жазуы тегін болмаса керек.

(М.Дулатов. Түрік баласы. «Қазақ», 1913ж. №2, №7)

Қазақ зиялысының тарихқа берген бұл сипттамасы, Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тарихын ол жерді мекендеуші барлық ұлт өкілдерінің, яғни республика азаматтарының барлығының оқып білуін міндеттейді. Сондықтан бұл пән мемлекеттік маңызы бар үлкен шара ретінде бағаланып, барлық жоғары білім беретін оқу орындарында оқытылып отыр. Біз өткенімізге үңіліп одан сабақ алмасақ, онда келешектегі бағыт-бағдарымызда қателіктерге ұрындыратын жағдайларға жол беруіміз мүмкін. Сондықтан осы қағиданы терең түсініп, оны бағалай білуіміз қажет және Отан тарихын Жоғарғы оқу орындарында оқытуды тоқтату тоқтатпауды халықтан сұрауы керек еді.

Ал ұсынылып отырған Қазіргі заман тарихы-Тәуелсіздік тарихы жағымпаздардың жазған жалған шатпырағы, ол да уакыт сынынан өте алмай кеңес дәуіріндегі  ГЕРОНТОКРАТТАР (жасы жеткен адамдардың билігі) жүргізген жалаң саясаттың тарихы секілді «ақтаңдақтарға» толы болатынына кепілдік берем.

«Қазіргі Қазақстан тарихы» деген атаудың өзі мүлдем қате атау. Сонда 21 ғасыр жаңа ғасыр тарихы бұрынғы ескі дәуір болып қалуы керек пе? Бұл не деген «тапқырлық» Сонда Қазіргі заманды біздің ел 1991 жылдан бастай ма? Ал оның алдындағы 1990 жыл сонда бұрынғы заманға жата ма? Мұндай жыл санау тарихи кезеңдерге бөлу қандай ғылыми негіздерге сүйенілді? Ал сол «Қазіргі Қазақстан тарихында» неге мемлекеттің тарихына қатысты Арқанкергендегі қанды оқиға туралы айтылмайды, Неге ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары өздерін өздері таратып өздері қайта «сайланып» алғаны туралы ақпарат жоқ… Жаңа өзендегі 2011 жылғы желтоқсандағы мұнайшылар мен халық наразылығын қарумен басу кісі өлімдері тұралы шынайы фактілер және тағы да маңызды тарихи оқиғалар жоқ. Бұл аталған оқиғалардың бәрі Отан тарихына және соңғы «Тәуелсіздік тарихы» кезеңіне жатады. Ал бұрынғы оқытылып келген «Қазақстан тарихы» мектепте оқытылады содан кейін қысқартып отырмыз қайталанбау үшін деген уәж айтыпты. Ректор мырзалар 1991 жылғы сіздер айдар тағып ат қойған «Қазіргі Қазақстан тарихы» да кезеңі 1991 жылдан бергі кезеңде мектептерде оқытылып келді. Оған не айтасыздар?

Бүгінде Қазақстандағы жағымпаздық саясатпен тамырласып алған тарих ғылымы қазақ халқының табиғи даму талаптарына жауап беретіндей шаралар жүйесін іске асыруға Білім министрлігі сауатсыздыққа жол беріп, құлықсыздық танытуда. Бүгінде қызыл империя мұра етіп қалтырған жалған социалистік қоғам мүдделерін абсолюттендіріп, ұлт мүдделерін аяқ асты ете отырып, оны ұлттық мұраттарды талқандау үрдістерімен қатар жүргізуі жалғасуда. Тәуелсіздік жылдардағы тарихи оқиғаларды әсірелеп көрсету ісі, жағымпазданудың етек алуы бүкіл қоғамдық организмді жалғандықпен қоректендіріп, көзбояушылыққа әкелуде. Жүріп жатқан қоғамдық процесстерді теріс, жалған түсіндіру, жасандылықпен әуестенушілік етек алып, оны жұртқа күшпен мойындату іске асырылуда. Мұндай қысымшылықты басынан өткізіп санасына жалғандықты сіңдірген халық бүгін де сол көзқарасынан арыла алмағандықтан, өркениетке ұмтылу жолында ұлттық құндылықтарды таңдауда жалтақтық көрсетіп отыр.

Американдықтардың ұранына айналған сол елдің әйгілі жазушысы Марк Твеннің: «Егер азамат өз елінің саяси киімінің тозғандығын көре тұра, оны тозды деп айтып, оны жаңартуға ат салыспаса, ол өз Отанының сатқыны» деген сөзі бүгінде біздің бірен-саран қандастарымыздың аузынан шықса да ол жалпы жұрттың санасына жетпей жатыр. Ал мұндай ұлтжандылық танытатын зиялы қауым өкілдері бәрі болмаса да көпшілігі кеңестік дәуірдегі әдіске салып бұғып отыр. Ол дәуірден қалған үрейді бойларынан шығаруға дәрменсіз күй кешуде.

Тарих дегеніміз-халықтың зердесі. Ол болып өткен, оны түзете алмайсың және  оның бір түсін екіншісімен ауыстырып, алмастырып жаңадан жаза алмайсың. Біз оны бүкіл қайшылықтарымен және қайғылы беттерімен қоса, ол қандай  болса нақ сондай, бүкіл алуан түрлі, тұтас күйінде қабылдауға тиіспіз.

Тарих ғылымы қасиетті- ғылым. Ол бұра тартуды да, әсіресе бояуды да?, «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» еткенді  де көтермейді. Оның өлшемі – шындық, ақиқатқа жүгіну.  Ал  «Қазіргі Қазақстан тарихында» осы АҚИҚАТТАР  бар ма?

Қуандық Есенғазы,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Ұлт порталы