30 сәу, 2019 сағат 17:28

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі жаңа міндеттер

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – ұлт болашағының бастауы. «Тілі жоғалған жұрттың – өзі жоғалады» деп ағартушы, ақын А. Байтұрсынұлы айтпақшы, тілімізді өркендетудің басты бағыты саналатын мұндай өзекті мәселеге кез келген адам бей-жай қарай алмайды.

Ұлттық жаңғырудың басты өзегі болған латын әліпбиіне көшу мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Бұл мәселеге қазақ зиялылары да ерекше құлшыныспен іске кірісті. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, орфографиялық жұмыс тобы қазақ тілін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіруге қатысты жобаларды бастап кетті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, орфографиялық жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары Қ.Қ. Борашев мырзаның басшылығымен, сондай-ақ Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Е.Е. Тілешовтің басқаруымен жүргізіліп жатқан жұмыстар қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің жаңа міндеттерін қарастыруда.

Бұл жұмыстарды атқару барысында, ең алдымен, мектеп оқулықтарын қайта шығару, оларға сараптама жасау, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықтағыштар, топонимикалық, антропонимикалық сөздіктердің қолжазбасын шығару көзделіп отыр. Оның ішінде ортологиялық құралдар әзірлеудің маңызы орасан зор. Емле ережелерін насихаттауға арналған әдістемелік өнімдерді әзірлеуде бұрынғы жазудағы кемшіліктерді болдырмаудың жолдарын қамту керек. Бұл бағыттағы өнімдердің құрамында ЖОО студенттеріне арналған жаңа емле ережелерін игертуге арналған әдістемелік нұсқаулық; ресми-іс қағаздарының нұсқаулығы; жарнама мәтіндеріне қажетті емле нұсқаулығы; көпшілікке арналған емле ережелерін түсіндіретін қызықты анықтағыш; облыс, қала, аудан эргонимдердің, маңдайшалардың кирил-латын әліпбиіндегі параллель анықтамалықтары қамтылған.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары

Л.Т. Әлімтаева, Ж.Б.Саткенова.