«ҚазАгро» холдингі басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев компанияны трансформациялау жоспары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттің тапсырмасы бойынша біз трансформация бағдарламасын қабылдадық. «ҚазАгро» ықшамдалып, жұмысын жалғастырады, яғни шығындарды қысқартамыз. Алдағы жылдың бірінші тоқсанына дейін жеті еншіліс компанияның үшеуін ғана қалдырамыз. Жалпы, бір мыңға жуық адам қысқартылады, бұл ретте әкімшілік шығындар оңтайландырылады. «ҚазАгроның» басқару органдарын толықтай өзгертеміз», - деді Ербол Қарашөкеев Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, «ҚазАгро» директорлар кеңесіне жоғары білікті шетелдік сарапшылар тартылмақ.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша холдингті шығынсыз деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді Е. Қарашөкеев.
Айта кетейік, «ҚазАгро» қызметіне ауқымды реформалар жүргізіледі.
«ҚазАгро» холдингі өз қызметін реформалау нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша таза пайдаға шығуды жоспарлап отыр.