24 қар, 2016 сағат 10:35

Қайырымдылық жасау – бір ғанибет

Қай қоғамда болсын мәнін де, өзектілігін де жоймайтын бір құндылық бар екені рас. Ол – қайырымдылық. Адамдардың бір-біріне қайырымдылығы немесе жекелеген компаниялардың кейбір жандарға қолұшын созып, жасайтын қайырымдылығы, тіпті оған қатысы жоқ адамның да көңіліне жылу сыйлайды. Неге десеңіз, ондай жағымды жаңалықтың, игі істің жақсы шарапаты болады. «Қуанышты бөліссең көбейеді» дегендей, мұндай іс адамдарды қашанда қайырымдылық жасауға итермелеп тұрады. Осындай қайырымды істің бірі жуырда «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының жұмыскерлері тарапынан көрсетілді. Олар өздерінің жеке қаржысын шығарып, нөсер жауынның кесірінен үйін су басқан атыраулық бір отбасына жаңа үй салып берді.

Осы жылдың мамыр айында Атырау қаласы жауын-шашынды болды. Күнді күнге, түнді түнге жалғаған қатты жауынның салдарынан Гүлбағыт Қызылташтың үйін су басқан еді. Салдарынан тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылып, қауіпсіздік үшін газ жүйесінен де ажыратылып тасталды. Дәл осы шақта шаңырақтың отағасы жол-көлік апатына ұшырап, Гүлбағыттың өзі төртінші баласының өмірге келуіне байланысты декреттік демалыста үйде отырған-ды. Оған қоса отбасындағы екі бірдей науқас баланың жайы тұрмыс тауқыметін әбден тартқан келіншекті облыстық әкімдік өкілдерінің халықпен кездесуінде мұң шағуына, өз жағдайын айтып, көмек сұрауына мәжбүрледі. Міне, сол кезде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бас­шылығы қиыншылыққа тап болған отбасыға жәрдем беруге шешім қабылдайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл отбасының үйін салып беруге «Ембімұнайгаздың» мұнайшылары атсалысып, өз қаржыларын аударады.

– «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының компаниялар тобы әлеуметтік дамуға қатысты барлық  мәселе бойынша жергілікті билікпен тығыз әріптестікте жұмыс атқарады. Біз бұл жолы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың ұсынысын қабылдап, аты­рау­лық тұрғынға көмектесуге шешім шығардық. Ем­білік мұнайшылар қиын жағдайда қалған көпбалалы отбасына көмектесу үшін бір күндік жалақыларын аударды. Мұнай нарығындағы қазіргі күрделі эко­но­микалық жағдайға қарамастан, олар адамдардың басына түскен қиындыққа  немқұрайды қарамайды, – деді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев. Ол бұл сөзді Гүлбағыт Қызылташтың үйінің сапасын өз көзімен көріп, құтты  болсын айтуға келген кезінде айтты.

Жаңа үйдің құрылысына үш ай уақыт кеткен. Сонымен, биылғы қазан айында бір отбасын қуа­нышқа бөлеп, тіршілікке деген үміт отын алаулатып жаңа үй салынып бітті. Құрылыс жұмыстары кезінде бұрынғы ескі үйді бөлшектеп, сырып тастап, жаңа үлгідегі, тіпті  шатыры мен іргетасының да пошымы бөлек, жылыту қазандығы, аллюминий радиаторлары, бүкіл сантехникасы бар жап-жаңа үй тұрғызылды. Ембімұнайгаздық мұнайшылардың бірлігі жарасқан ұжымы Қызылташ отбасынан басқа тағы да үш жұмысшының отбасына  көмектескенін де атап өту қажет. Олар «Ембімұнайгаз» АҚ-тың өндірістік құрылымдық бөлімшесі саналатын «Жайықмұнайгаз» АҚ-тың нөсерлі жауын кезінде үйлері зардап шеккен үш жұмыскері екен.

Жалпы, «Ембімұнайгаздың» жұмысшылары өткен жылы да Атырау қаласындағы төрт отбасыға көмектесіп, бір күндік жалақыларын аударған. Олар да тоқтамай жауған жаңбырдан үйлерін су алған отбасылар болатын. Сонда үйінде мүгедек балала­ры бар төрт отбасының баспанасын жөндеуден өт­кізіп, жалғызілікті бір зейнеткерге жаңадан тұрғын үй тұрғызып берген еді. Міне, адамға адамның қа­дірі осындайда білінеді. Нарық заманы орнады, адамдардың адамгершілік қасиеті төмендеді, азай­ып барады деп жиі айтып жүрсек те, осындай нар жігіттердің тірліктері көкейге үміт ұялатады. Қайырымдылықтың ірі-ұсақ болып бөлінбейтінін көрсетеді. Бай бол, кедей бол – қайырымды болу міндетің деген ойға жетелейді. Ал қайырымдылық жасау қашанда ғанибет!

Марат АҚҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»