14 нау, 2022 сағат 16:24

Қайрат Сатыбалдыұлының басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр


Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер агенттік басшысынан «Қазақтелекомнан» қаражат жымқыру ісі бойынша күдікті Қайрат Сатыбалдыұлының қаңтар оқиғасына қатыстылығы тексеріліп жатыр ма?» деген сұрақ қойды. 

Өз кезегінде Олжас Бектенов кеше таратылған ақпаратта қаңтар оқиғасы туралы айтылмағанын еске салды. 

«Мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Осы фактілердің барлығы қаралады. Оны (Қ. Сатыбалдыұлы) біздің қызметкерлер ұстады. Біздің ақпарат бойынша Дубайға (ұшақпен) кетпек болған», - деді агенттік басшысы. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуде.

Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.