04 сәу, 2022 сағат 14:05

Қайрат Сатыбалдыұлының бақылауындағы компаниялардың былығы ашылды


Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты істің тергелуі туралы ақпарат жарияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігіне сілтеме жасап.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды және басқа да тұлғаларға қатысты тергеуді жалғастырып жатыр.

Тергеу барысында Сатыбалдыұлының бақылауындағы кәсіпорындардың - кірме теміржол желілері (соңғы шақырым) иелері ұрлығының қосымша фактілері анықталды.

Олар Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары көмегімен елдің қала құраушы кәсіпорындарына кірме жолдардың қызметтеріне тарифті негізсіз көтеру арқылы көп миллиардтық пайда тапқан", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Сатыбалдыұлының бақылауындағы екі компания басшылары ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Кінәлілік туралы қорытынды шешімді сот анықтайды, делінген ведомство хабарламасында.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайды.

Еске салайық, 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қазақтелеком" АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған болатын. Бұл қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.