15 жел, 2016 сағат 14:31

Қайрат Мәми: Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық

Биыл – ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы. Осыған орай бүгін өткен салтанатты жиында Жоғарғы Сот Төрағасы: «Мемлекеттік туымызда, Елтаңбамызда айшықталған идеямыз жүзеге асты. Тастүлек боп ұштық, мұзбалақ боп қондық. Шаңырағымыз биіктеді. Ұлт арманы, ұлыс деңгейі қазанаттай қуаттанды, сәйгүліктей оза шапты.

Тәуелсіздіктің 25 жылының ұсынар тарихи сабағы да, берер ғибраты да мол. Бүгінгі таңда көзіміз жетіп отырған сол тарихи сабақтың, атқан таңдай ақиқаты халқымыздың Елбасына деген тіні берік, табаны мықты сенімі! Өйткені Тұңғыш Президент, мың құбылған күрделі дәуірде ел құбыласын құбылтпас мемлекет құра білді. Қалғып кеткен ғасырларға жан бітіріп, ұйқысынан оятты! Тарих қойнауында қалған баба-мемлекеттердің жалғасы бүгінгі Қазақстан екеніне, бүгінгі Ұлы Дала Елі екеніне әлемнің көзін жеткізе білді.

Тар кезеңде тарықтырмай – зар кезеңде зарықтырмай туған Елің тау көтерген Толағайдай арқалап үлкен айдынға алып шықты! Бұл – замана шындығы! Сондықтан да бүгінгі таңда тәуелсіздік туралы әңгіме – Елбасының ерен еңбегі туралы әңгіме», - деді. Осы ретте ол Елбасы мен барша халықты  осы мерейтоймен шын жүректен құттықтай келе: «Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық! Бұл – намыс пен жауапкершілік жемісі. Егемен  еліміздің алдағы жолы баянды, табыстары қомақты бола берсін! Елбасымыз бен еліміз аман болсын!», - деген тілегін жеткізді.