Фото: Olympik.kz
"Қайрат" футбол клубының басшысы Қайрат Боранбаев команда өз алаңындағы алдағы Чемпиондар лигасы матчтарын "Астана Аренада" өткізуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
"УЕФА тарапынан ойын өтетін орынды өзгертуге рұқсат берілді. Соңғы шешім 5 қарашада өтетін "Интерге" қарсы кездесуден кейін қабылданады. Біз барынша Алматыда ойнағымыз келеді, өйткені өз алаңымыз бен ойыншыларымыз дайын. Бірақ ауа райы жанкүйерлерге қолайсыздық тудыруы мүмкін. Былтыр 12 желтоқсанда "Астана" мен "Челси" арасындағы ойында қатты суық болғаны бәріміздің есімізде", – деді Боранбаев.
Айта кетейік, "Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы өз алаңындағы келесі матчтары 9 желтоқсанда "Олимпиакосқа", ал 20 қаңтарда "Брюггеге" қарсы өтеді.
Ал кеше Алматыдағы Орталық Стадионда UEFA Чемпиондар лигасындағы "Қайрат" футбол клубы Кипрлік "Пафоспен" тең түсті. 90 минут бойы қарсыласынан басым ойнаған алматылық клуб кипрлік командаға гол соға алмады. Есеп - 0:0.
