17 нау, 2022 сағат 18:58

Қайрат Боранбаев қамауға алынды


Белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев қамауға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қаржы мониторингі агенттігі квазимемлекеттік сектордағы аса ірі көлемдегі қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Осы қылмысты жасады деген күдікпен Қайрат Боранбаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.

17 наурызда сот 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жарияланбайды.

Қайрат Боранбаев - елдің экс-президенті Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. Боранбаевтың қызы Алима Боранбаева Дариғаның ұлы Айсұлтан Назарбаевқа (2020 жылы қайтыс болған) тұрмысқа шыққан. Кейін Айсұлтан мен Алима ажырасып кеткен.

Боранбаев Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша, Қазақстандағы ең бай елу бизнесменнің қатарына кіреді. Байлығы – 519 миллион доллар. Ол 2000-2002 жылдары "ҚазТрансГаз" компаниясының атқарушы директоры және "Intergas Central Asia" коммерциялық директоры, 2006-2014 жылдары "ҚазРосГаз" компаниясының бас директоры болды.

Ол – Алматының "Қайрат" футбол командасының иесі. Fitnation фитнес клубының, "Рахат Палас", Comfort Hotel Astana қонақ үйлерінің иесі, Esentai Mall, Esentai Tower бизнес орталығын, "Алмалы" сауда орталығын, Латвиядағы Jurmala Golf Club & Hotel қонақүйін серіктесімен бөлісіп басқарады. McDonalds тамақтану орнының Қазақстандағы және Ресейдегі франчайзинг иесі.

Оның Британия, Чехия, Ресейде қымбат үйлері бары да белгілі болған.

Боранбаев Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенін де бақылайды. Қазақстан билігі "Спутник V" екпесін Қарағанды фармкешенінде шығару үшін 15 миллиард 175 мың теңге бөлген.